Астанадағы «Қазанат» ипподромында 31 қазан күні Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Іс-шара бір күнге жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Жәрмеңкеге Ақмола облысының 20 ауданынан тауар өндірушілер қатысып, жалпы көлемі 497,21 тонна ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімін ұсынады.
Оның ішінде:
ет өнімдері – 154 тонна; сүт өнімдері – 31,75 тонна; көкөніс өнімдері – 227 тонна; шұжық пен еттен жасалған жартылай фабрикаттар – 23 тонна; түрлі азық-түлік - 62 тонна; тауық жұмыртқасы – 150 мың дана.
Жәрмеңкенің мақсаты – елорда тұрғындарын арзан бағада сапалы ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, отандық өндірушілерді қолдау, сондай-ақ өнімді өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізу жүйесін дамыту.
31 қазан күнгі жәрмеңке елордада биыл өтетін соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі болмақ. Жәрмеңке «Қазанат» ипподромында өтеді.
Еске сала кетсек, 24-25 қазан күндері Астанада өткен «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Қарағанды және Қостанай облыстарынан 3 мың тоннадан астам азық-түлік өнімі жеткізілді.