Астанада 24-25 қазан күндері өтіп жатқан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне Қарағанды және Қостанай облыстарынан 3 мың тоннадан астам азық-түлік өнімі жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңке елордадағы «Қазанат» ипподромының аумағында ұйымдастырылған. Мұнда екі өңірден келген 140-тан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен кәсіпорын өз өнімдерін тұрғындарға ұсынуда.

«Дала дәмі» жәрмеңкесі тұрғындарды қолжетімді бағамен азық-түлікпен қамтамасыз етуге, отандық өндірушілерді қолдауға және фермерлер мен тұтынушылар арасындағы тікелей сауданы дамытуға бағытталған. Жәрмеңкеде шаруалар өнімдерін делдалсыз сатып, тұрғындар азық-түлікті тікелей өндірушілерден ала алады.
Айта кетейік, Астанада өңіраралық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 19 қыркүйектен бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында елорда тұрғындарына еліміздің бірнеше өңірінің шаруалары өз өнімдерін ұсынды.
Атап айтқанда, 19-20 қыркүйекте Қызылорда және Атырау облыстарының, 3-4 қазанда Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының, 10-11 қазанда Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарының өнімдері сатылды. Ал 17-18 қазанда Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысты.