Ұлттық ұлан сарбаздары отандық «Барыс 6х6» броньды техникасын меңгеріп жатыр

Ұлттық ұлан сарбаздары отандық «Барыс 6х6» броньды техникасын меңгеріп жатыр
Фото: ІІМ

Алатау қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері отандық «Барыс 6х6» броньды машинасын басқару және пайдалану бойынша арнайы дайындықтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу курсы Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінің базасында ұйымдастырылған. Оған Алматы, Түркістан және Қостанай қалаларындағы әскери бөлімдерден, сондай-ақ Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясынан келген механик-жүргізушілер мен көздеуші-операторлар қатысып жатыр.

Практикалық сабақтар барысында механик-жүргізушілер броньды машинаны күрделі жер бедерінде және жолсыз жерлерде басқару дағдыларын жетілдіруде. Олар маневр жасау, қозғалыс бағытын дұрыс таңдау және түрлі кедергіден өту тәсілдерін пысықтап жатыр.

Ал көздеуші-операторлар техниканың құрылымын, арнайы жабдықтардың қызметін және борттық жүйелерді пайдалану ерекшеліктерін меңгеруде.

«Барыс 6х6» – Қазақстанда жасалған, күрделі жер бедерінде қозғалу мүмкіндігі жоғары броньды машина. Ол 11 адамға дейін тасымалдауға арналған және −50-ден +50 градусқа дейінгі температурада пайдалануға бейімделген.

Оқу курсы аяқталған соң әскери қызметшілерге броньды техниканы меңгергенін растайтын сертификаттар табысталады.

Сонымен қатар қараша айының басында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында да осындай оқу жиынын өткізу жоспарланған.

Ведомство мәліметінше, экипаждарды даярлау әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын күшейтуге бағытталған.

Бұған дейін Ұлттық ұлан Академиясында дрон операторлары даярлана бастағаны хабарланған еді.