Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлеріне арналған құқықтық сабақ өтті

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлеріне арналған құқықтық сабақ өтті
Фото: Ұйымдастырушылар

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қызметкерлерге арналған Әдеп кодексі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған құқықтық сабақ өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиынға орталықтың 100-ге жуық қызметкері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz. 

Іс-шараның мақсаты – қызметкерлерге әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын түсіндіру және қызметтік міндеттерін орындау барысында заңдылық қағидаттарын ұстанудың маңызын жеткізу.

Жиын барысында кадр қызметінің маманы Нұргүл Рүстем қызметтік әдеп нормаларына тоқталып, жұмыс барысында сақталуы тиіс негізгі талаптарды түсіндірді. Ал заңгер Ерік Азатаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі ережелері мен оны сақтау мәселелері жөнінде ақпарат берді.

Орталық директорының әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Есжан Әміров жиынды қорытындылай келе, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударды. Ол, әсіресе, егде жастағы азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың сыпайылық танытып, қызметтік әдепті сақтауы және заң талаптарын қатаң ұстануы маңызды екенін атап өтті.

Мұндай құқықтық сабақтар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ұжым ішіндегі кәсіби қарым-қатынасты нығайтуға және қызмет алушылармен өзара сыйластыққа негізделген байланыс орнатуға ықпал етеді.