Катонқарағай жолындағы биіктігі 45 метр жаңа көпір ашылды

Катонқарағай жолындағы биіктігі 45 метр жаңа көпір ашылды
Фото: Көлік министрлігі

Шығыс Қазақстан облысында Катонқарағайға баратын жолдың бойындағы жаңа көпірде көлік қозғалысы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Биіктігі 45 метрге жететін жаңа көпірдің ашылуымен қатар, республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 28 шақырымында қайта жаңғыртудың негізгі жұмысы аяқталды. Жаңа жол Осинов асуының күрделі бұралаң бөлігін айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, өңірдегі елді мекендер мен туристік нысандарға қатынауды жеңілдетеді.

Жаңа бағыттағы ең ірі инженерлік нысан – Тереңсайдағы тау өзені үстіндегі ұзындығы 175 метрлік көпір. Оның тау шатқалындағы биіктігі 45 метрге дейін жетеді. Көпір жеті аралық пен сегіз тіректен тұрады. Құрылысына 79 темірбетон пайдаланылған.

Жаңа жолдың ашылуы Шығыс Қазақстан үшін айрықша маңызды. Осинов асуы ұзақ жылдар бойы республикалық жолдардың ең күрделі бөліктерінің бірі саналып келді. Күрт бұрылыстар, ұзақ өрлер, қалың қар мен көктайғақ, әсіресе қыс мезгілінде көлік қозғалысын едәуір қиындататын.

Қайта жаңғырту аясында 28 шақырым жолдың бойына жол негізінің төменгі және жоғарғы қабаттары, сондай-ақ асфальтбетон жамылғысының екі қабаты толық төселді.

Сонымен қатар екі көпір мен 38 су өткізу құбыры салынды. Оның ішінде мал айдап өткізуге арналған екі өткел бар. Құрылысқа 135 маман мен 65 техника жұмылдырылды.

Еске сала кетсек, Тереңсайдағы тау өзені арқылы өтетін, өңірдегі ең күрделі әрі ауқымды көпірдің құрылыс жұмыстары қыркүйектің аяғында аяқталған еді.