46 жыл бойы құжатсыз жүрген әйелдің құқығы қалпына келтірілді

46 жыл бойы құжатсыз жүрген әйелдің құқығы қалпына келтірілді
Фото: pexels.com

Алатау қаласында 46 жыл бойы жеке басын куәландыратын құжатсыз өмір сүрген әйелдің туу фактісі сот арқылы анықталды. Бұған дейін оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) де болмаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 1980 жылы дүниеге келген әйелдің анасы сол кезде баласының тууын азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында рәсімдемеген. Соның салдарынан ол осы уақытқа дейін жеке басын куәландыратын құжат ала алмаған.

Арада ондаған жыл өткенде құжаттарды қалпына келтіру де қиынға соққан. Себебі әйелдің дүниеге келген кезеңіне қатысты медициналық мұрағат құжаттары сақтау мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған.

Осылайша, оның туу фактісін соттан тыс тәртіппен растау мүмкін болмаған.

Мәселені шешуге ЖСН-нің жоқтығы да кедергі келтірген. Әйел сотқа өз бетінше жүгіне алмаған. Ал бұған дейін әпкесінің берген өтініші қанағаттандырылмаған.

Ақырында азаматшаның құқықтарын қорғауға Алатау қаласының прокуратурасы араласты.

Прокуратура сотқа әйелдің туу фактісін анықтау туралы талап арыз берді. Сот оны қанағаттандырды.

Енді 46 жастағы әйел жеке басын куәландыратын құжаттарын рәсімдеуге мүмкіндік алды.

Бұл шешім оның медициналық көмек алуына, ресми жұмысқа орналасуына және мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануына жол ашады.

Осылайша 46 жыл бойы шешілмей келген құжат мәселесі соттың араласуымен құқықтық шешімін тапты.

Бұған дейін Қазақстанда шетелге жұмысқа жіберетін агенттіктерге талап күшейтілетіні хабарланған еді.