Қазақстанда үшінші суперкомпьютер іске қосылады – Мемлекет басшысы

Қазақстанда үшінші суперкомпьютер іске қосылады – Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Қазақстанда таяу арада үшінші қуатты суперкомпьютер іске қосылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту қазіргі заманның басты талаптарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуды мақсат етіп, осы бағытта ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр.

«Елдеріміз жаппай цифрландыру мәселесімен белсенді түрде айналысып жатыр. Қазақстан цифрлық ел болуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта ауқымды жұмыс істелуде. Биыл елімізде – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласына қажетті мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылды. Қуаттылығы 1 ГигаВатт болатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Таяу арада үшінші өте қуатты суперкомпьютер өз жұмысын бастайды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда цифрлық саланы дамытуға қажетті заңнамалық негіз де қалыптасып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» арнайы заң қабылданғанын атап өтті.

Президент еліміздің бұл бағыттағы тәжірибесін бауырлас мемлекеттермен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.

«Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Қажет болса, осы тәжірибемізді бауырлас елдермен бөлісуге дайынбыз. Өздеріңізге жақсы белгілі, биыл мамыр айында Түркістанда өткен басқосуда жасанды интеллект және цифрлық даму мәселесін талқыладық. Қазір сол жиында көтерілген бірқатар маңызды бастаманы жүзеге асырып жатырмыз», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылғанына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жобаның мүмкіндіктерін өзге түркі мемлекеттері де пайдалана алады.

«Бұдан бөлек, жақында Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Осы бірегей жобаның игілігін түркі мемлекеттері де көре алады. Бұдан бөлек, әлі де жедел атқарылуға тиіс жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік кеңесін, Цифрлық мониторинг және инновациялар орталықтарын құру бастамасын жүзеге асыруды тездеткен жөн. Бұл жобалар елдеріміздің цифрлық саладағы ынтымақтастығын нығайта түсетіні сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Қазақстан түркі мемлекеттерімен жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.