Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде маңызды бастамалар көтерді

Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде маңызды бастамалар көтерді
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде сөз сөйлеп, түркі әлемінің бірлігін нығайту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және ұйымның алдағы даму стратегиясына қатысты бірқатар бастама көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің тұтастығын нығайтып келе жатқан бірегей құрылым екенін атап өтті. Оның айтуынша, бауырлас елдердің егемендігі мен ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – Қазақстанның мызғымас қағидаты.

«Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасауда. «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты бүгінгі басқосу тақырыбының мән-мағынасы – өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы аллеясының ашылғанына да тоқталды. Мемлекет басшысы бұл аллея бауырлас елдер арасындағы мызғымас достықтың символына айналатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Президент әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделеніп бара жатқанына назар аударды. Әсіресе, Таяу Шығыстағы жағдай мен Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленістің халықаралық сауда және көлік-логистика байланыстарына кері әсерін тигізіп отырғанын айтты.

«Бұл аллея мызғымас бауырластығымыздың символына айналады деп сенемін. Баршаңызға мәлім, қазір әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады. Таяу Шығыстағы жағдай, әсіресе, Ормуз бұғазы төңірегіндегі текетірес күрделене түсті. Мұның бәрі жаһан елдерінің, әсіресе, шекаралас түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысына кері әсерін тигізуде. Қазақстан бір белгілі, яғни хусит деген әскери қозғалыстың бауырлас Сауд Арабиясына қарсы негізсіз шабуыл жасағанына наразылық білдірді. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату керек деген мәлімдемелерге қосыламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінің келесі бөлігінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы экономикалық ықпалдастықтың маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, биыл Қазақстанның ұйымға мүше мемлекеттермен сауда айналымы 10 миллиард долларға жуықтаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға жоғары.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы қарқынды сақтау үшін «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындау және ұйымның 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажеттігін айтты.

«Біздің еліміздің Ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Осы қарқынды сақтап қалу үшін әлі де бірқатар шараларды іске асыруымыз керек. Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет. Біз бұл құжаттың жобасында көрсетілген сауда, инвестиция, қаржы, өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология, білім-ғылым және басқа да салаларды дамытуға қатысты шараларды қолдаймыз. Ең бастысы, бес жылға арналған стратегияда нақты жобалар көрініс табуы керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуда Түркі инвестициялық қоры мен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды.

«Сондықтан Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет. Оның әлеуеті зор. Бұл қаржылық институттың толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап берсек, жөн болар. Бұған қоса, экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндігін пайдаланған абзал. Қазақстан бұл құрылымға төрағалық еткен кезеңде бірқатар шаралар өткізіп, маңызды құжаттар әзірледі. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатымен келесі жылы Қазақстанда Іскерлік форумын өткізуді ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы Ақсақалдар кеңесінің қызметін қолдаудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, аталған құрылымға қаржылай және өзге де қолдау көрсету қажет.

Осылайша, Қазақстан Президенті саммитте түркі елдерінің ынтымақтастығын нығайту үшін ортақ экономикалық жобаларды жүзеге асыру, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және ұйымның алдағы бес жылға арналған даму стратегиясын нақты бастамалармен толықтыру мәселелерін көтерді.