Қарағанды облысында «Ақнар-ПФ» ЖШС-нің 20,5 мың құс ұстауға арналған жаңа құс қорасы пайдалануға берілді. Бұл – кәсіпорынның өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған кезекті жоба, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа нысан жыл сайын қосымша 250–280 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Жоба мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асырылды. Кәсіпорынға «Агробизнес» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие берілді.
«Құс қорасы заманауи еуропалық жабдықтармен және өңірдің климаттық ерекшеліктеріне бейімделген автоматты климат реттеу жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйе қора ішіндегі температура мен басқа да микроклимат көрсеткіштерін автоматты түрде реттеп, құстың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасайды. Соның нәтижесінде өндіріс тұрақтылығы сақталып, өнім сапасын арттыруға және энергияны үнемдеуге мүмкіндік туады», - делінген хабарламада.
Кәсіпорында құстардың еркін жайылуына да жағдай жасалған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі кәсіпорындарды жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға және бәсекеге қабілетті отандық өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған агроөнеркәсіптік кешен жобаларына қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.