Жерасты су ресурстарын қалай тиімді пайдалануға болады – депутат бірқатар шешім ұсынды

Бүгін, 15:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жерасты су ресурстарын қалай тиімді пайдалануға болады – депутат бірқатар шешім ұсынды
Фото: видеодан скриншот/Құрылтай

Қазақстан үшін су мәселесі – болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің де стратегиялық міндеті. Алайда еліміздің жерасты су әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай келеді. Бұл туралы «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Бота Елеусізова Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы бекітілген жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 миллион текше метрді құраса, нақты пайдаланылатын көлемі шамамен 1,5 миллион текше метр ғана. Бұл бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы.

Әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі өзекті.

Сонымен қатар, 2026 жылғы мәлімет бойынша, елімізде иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін 2256 гидрогеологиялық ұңғыма бар.

Олардың уақытылы жойылмауы немесе тиісті тәртіппен консервацияланбауы су ысырабына алып келеді және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін.

Бұдан бөлек, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау мәселелері де жүйелі шешімді талап етеді.

«Біздің ұстанымымыз – жерасты су қорларын тек анықтап қана қоймай, оларды ғылыми негізде, экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, халық пен экономиканың игілігіне жарату. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдаланған кезде олардың табиғи толықтырылу мүмкіндігі, су сапасы, минералдану деңгейі және нақты су алу көлемі міндетті түрде ескерілуі тиіс», - дейді Бота Елеусізова.

Осы мәселелерді шешу үшін депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді.

1. Жерасты су қорларын өңірлер бөлінісінде түгендеп, олардың нақты пайдаланылуына және игеру мүмкіндігіне кешенді талдау жүргізу;

2. Иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, олардың бірыңғай цифрлық тізілімін қалыптастыру;

3. Жерасты сулары мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру;

4. Ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, нақты су алу көлемін цифрлық есепке алу мен оған бақылау енгізу;

5. Жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізу.

Оның айтуынша, жерасты сулары – еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Оларды тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына мүмкіндік береді.