Астанада жолбарыстарды тарихи мекендеу ортасына қайтару бағдарламасының нәтижелері мен алдағы міндеттеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиында жануарлардың табиғатқа бейімделуі, олардың қозғалысын бақылау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, биыл екі жолбарыстың табиғи ортаға жіберілуі – бірнеше жыл бойы жүргізілген жұмыстың алғашқы практикалық нәтижесі.
«Ендігі міндетіміз – жануарларға тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, олардың табиғи мекендеу ортасын сақтау және қоректік базаны қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру. Біздің түпкі мақсатымыз – Іле өзені атырабы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен көбейе алатын тұрақты жолбарыс популяциясын қалыптастыру», – деді министр.
Қазіргі уақытта табиғатқа жіберілген Үміт есімді жолбарыс өздігінен аң аулауға бейімделіп, белгілі бір аумақты тұрақты мекендей бастаған. Мамандар жануарлардың қозғалысын спутниктік қарғыбаулар арқылы бақылап отыр. Ал Тұран мен Уссури есімді екі жолбарыс күшігі арнайы жабдықталған қоршауларда өсірілуде.
Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы топ құрылып, ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алу шаралары жүргізілуде.
Бағдарлама аясында «Іле-Балқаш» резерватының аумағы 450 мың гектарға дейін кеңейтіліп, қоректік базаны қалпына келтіру үшін 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан жерсіндірілген.
Баспасөз мәслихатына қатысқан Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов та табиғатты қорғау жобасының маңыздылығына тоқталды. Компания мен Freedom «Шапағат» қоры мамандарды даярлауға, жолбарыстарды тасымалдауға және резерват инфрақұрылымын жабдықтауға қолдау көрсеткен.
Бұған дейін Қазақстанда екінші жолбарыстың табиғатқа жіберілгені хабарланған еді.