Астанада жол қозғалысына кедергі келтіргендер 5 тәулікке қамалды

Бүгін, 15:28
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада жол қозғалысына кедергі келтіргендер 5 тәулікке қамалды
Фото: видеодан скриншот/Астана ПД

Астана қаласының полиция қызметкерлері жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілер тобын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Анықталғандай, Mercedes-Benz және Toyota маркалы төрт автокөліктің жүргізушілері Республика даңғылы бойымен қозғалу кезінде өзге жол қозғалысына қатысушыларға қасақана кедергі келтіріп, көлік құралдарының қозғалысын шектеген. Осылайша, олар қоғамды және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын анық құрметтемейтін әрекеттерге барған.

«Аталған әрекеттері үшін ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік жауапкершілікке Қарағанды қаласының 25 жастағы тұрғыны Ахмед Батаев, сондай-ақ елорда тұрғындары – 35 жастағы Арби Ибрагимов, 29 жастағы Асхаб Цуцоев және 19 жастағы Умар Дерименко тартылды.

Сот шешімімен олардың әрқайсысы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін барлығы жеті жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Төрт автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.

Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және өзге азаматтардың қауіпсіздігіне құрметпен қарауға шақырады.

Еске сала кетейік, елордада тұрақта тұрған жеңіл автокөлік өртенді.