Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстанда заңсыз интернет-казино қызметін ұйымдастырды деген күдікпен екі шетелдік азаматқа іздеу жариялады. Тергеу дерегінше, іске қатысты қаржы операцияларының көлемі 106 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іздеу жарияланғандар – 1985 жылы 8 ақпанда туған Ресей азаматы Дмитрий Пунин және 1989 жылы 11 ақпанда туған Украина азаматшасы Марина Ильина. Оларға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленген.
ҚМА мәліметінше, күдіктілер қазақстандық пайдаланушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Тергеу нұсқасы бойынша, бұл қызметті жүзеге асыру үшін бақылаудағы компаниялар, төлем ұйымдары және банк құралдарынан тұратын халықаралық инфрақұрылым құрылған.
Қазақстанда аталған жүйенің бір бөлігі ретінде PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметке лицензия алған «Бонами» ЖШС пайдаланылған. Агенттіктің мәліметінше, заңды букмекерлік қызмет интернет-казино жұмысын жасыруға арналған.
Ақша айналымын қамтамасыз ету үшін төлем ұйымдары мен банк терминалдары желісі қолданылған. Тергеу дерегінше, бұл іске қаржы секторының жекелеген өкілдері де жәрдемдескен.
Нәтижесінде 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін пайдаланылған. Қаржы операцияларының жалпы көлемі 106 млрд теңгеден асқан.
Қаржылық мониторинг агенттігі іздеуде жүрген азаматтардың қайда екені туралы мәліметі бар адамдарды хабарласуға шақырады.
ҚМА кезекші бөлімінің телефоны: +7 (7172) 70-84-78.
Бұған дейін Ақтөбеде есірткі саудасына ақша аударған қылмыстық топ ұсталғаны хабарланған еді.