Құрылтай Қазақстан Республикасы Конституциясының 56-бабына сәйкес Асан Ескендіровті Жоғарғы Соттың судьясы лауазымына сайлау туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған мәселе бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ қосымша баяндама жасады.
Оның айтуынша, Комитет отырысында Мемлекет басшысы ұсынған Асан Қайроллаұлы Ескендіровтің кандидатурасы қаралып, оны Жоғарғы Сот судьясы лауазымына сайлауға болатыны туралы қорытынды берілген.
Үнзила Шапақ кандидаттың сот жүйесіндегі еңбек өтіліне де тоқталды. Асан Ескендіров бұған дейін жеті жыл Жоғарғы Сот судьясы қызметін атқарған. Оның сот саласындағы жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асады.
Сондай-ақ Комитет төрағасы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 32-бабының 1-тармағына сәйкес судья лауазымына алғаш рет сайланған адамның ант беретінін атап өтті. Асан Ескендіров бұған дейін Жоғарғы Сот судьясы болғандықтан, аталған талап оған қолданылмайды және ол қайта ант бермейді.
Мәселені қарау қорытындысында Құрылтай Асан Ескендіровті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы лауазымына сайлау туралы қаулы қабылдады.