Header Banner

50 шақты елік байқалды: Астананың жасыл белдеуіне әуеден мониторинг жүргізілді

50 шақты елік байқалды: Астананың жасыл белдеуіне әуеден мониторинг жүргізілді
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті

«Жасыл аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшылығы мен мамандары «Қазавиаорманқорғау» мемлекеттік қазыналық кәсіпорын өкілдерімен бірлесіп, елорданың жасыл белдеуіне әуеден мониторинг жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.

Әуе бақылауына кәсіпорынның бас директоры, Жедел басқару орталығы мен Орманды күзету және қорғау бөлімінің басшылары, сондай-ақ авиациялық бөлімшенің мамандары қатысты. Мониторинг барысында мамандар орман екпелерінің жай-күйін бағалап, жетуі қиын аумақты шолып, орманға қауіп төндіруі мүмкін жағдайдың бар-жоғын бақылап шықты.

«Әуе бақылауы кезіндегі назар аудартқан жайттың бірі — жасыл белдеуде еліктің көптеп кездесуі болды. Әртүрлі аумақтарда 4–5-тен топтасып жүрген, жалпы саны шамамен 50 елік байқалды. Бұл — Астананың жасыл белдеуі тек адам қолымен қалыптасқан орман алқабы ғана емес, жануарлар дүниесіне де қолайлы тіршілік ортасына айналып келе жатқанын көрсетеді», делінген хабаррламада.

Комитеттің мәлімдеуінше, елорданың жасыл белдеуі өсімдіктер мен жануарлар қатар дамып келе жатқан тірі экожүйе ретінде қалыптасып келеді.

Еске салсақ, еске салсақ, бүгінгі күні елордада 4 миллионнан астам жасыл желек бар. Ал «Жасыл белдеу» аумағында тағы 14 миллионға жуық ағаш өсіп тұр. Қалада жыл сайын кемінде 1 миллион ағаш, бұта және гүл отырғызылады.