Астанада қазақ кәсіби музыкасының көрнекті өкілдері Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына арналған «Тұңғыш саундтрек» концерті өтті. Кеште қазақтың алғашқы көркем фильмі «Амангелдіге» жазылған музыка мен ұлттық өнердің танымал шығармалары орындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерейтойлық концерт Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында ұйымдастырылды.

Кеш барысында Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі көрермен назарына «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Ләйлім», «Елік-ай» шығармаларын, сондай-ақ «Абай» операсынан үзінділерді ұсынды.
Бағдарламаның ерекшелігі – қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелдіге» жазылған музыканың орындалуы. Осы арқылы көрермендер қазақ киносы мен кәсіби музыка өнерінің қалыптасу кезеңдерін еске түсіруге мүмкіндік алды.
Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова және опера әншілері Айзада Капонова, Нұрсезім Саматқызы, Саят Сақитжан, Лаура Ғалым, Бекұлан Ерболатұлы өнер көрсетті.

Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестріне ұжымның көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов дирижерлік етті.
«Тұңғыш саундтрек» концерті Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің шығармашылық мұрасын дәріптеуге, қазақ музыкасының тарихындағы маңызды кезеңдерді таныстыруға арналды. Көрермендер ұлттық музыка жауһарларын симфониялық оркестрдің орындауында тыңдады.
Бұған дейін Құрманғазы атындағы симфониялық оркестрінің Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өнер көрсеткені хабарланған еді.