Header Banner

Астанада таеквондодан әлемдік Гран-при финалы алғаш рет өтеді

Бүгін, 15:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада таеквондодан әлемдік Гран-при финалы алғаш рет өтеді
Фото: Қазақстан таеквондо федерациясы

27-29 қарашада Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондо мен паратаеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалдары өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Қазақстанда алғаш рет өтетін G-10 санатындағы бұл додаға Олимпиада, әлем және Азия чемпиондары қатысады. Олар медальдармен қатар Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеуде маңызды рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.

Биыл Гран-при кезеңдері Римде, Муджуда және Парижде өтті. Астанадағы финалға 128 таеквондошының қатысуы жоспарланған. Спортшылар сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Турнирдің жеңімпазына 100, күміс жүлдегерге 60, қола жүлдегерлерге 36 ұпайдан беріледі.

Астанада Париж Олимпиадасының чемпиондары Пак Те Джун мен Ким Ю Джин (Оңтүстік Корея), Ариан Салими (Иран) және Токио Олимпиадасының чемпионы Вито Делль’Акуила (Италия) бақ сынайды. Сонымен қатар финалға Бразилияның әлем чемпионы Мария Клара Пачеко да қатысады. Ол биыл Рим, Муджу және Париждегі Гран-при кезеңдерінің үшеуінде де жеңіске жеткен.

Қазақстан сапынан Батырхан Төлеуғали (-80 кг), Тамирлан Тілеулес (-58 кг), Мария Севостьянова (-57 кг) және Рита Бакишева (-49 кг) сынға түседі. Севостьянова осы маусымда Париждегі кезеңде қола жүлде жеңіп алды. Муджуда өткен кезеңде Айдана Құмартаева да қола медаль иеленді.

Жарыс бағдарламасы 27 қарашада паратаеквондодан басталады. Оған 70-ке жуық спортшы қатысады. Олар K44 спорт класында он салмақ дәрежесі бойынша медальдар мен Лос-Анджелес Паралимпиадасына іріктеу үшін маңызды рейтингтік ұпайларға таласады.

Паратаеквондодан Қазақстан атынан ерлер арасында Нышанбек Ақтілеуов (−58 кг), Айбек Жұманғали (−63 кг), Дінмұхаммед Асқар (−70 кг) және Нұрлан Домбаев (−80 кг) қатысады. Әйелдер арасында Милана Красавцева (−52 кг), Камиля Досмалова (−57 кг) және Марьям Салимгереева (−65 кг) өнер көрсетеді.

Еске сала кетейік, астаналық параспортшы боччадан әлем кубогында екі медаль жеңіп алды.