Черногорияның Будва қаласында өткен бокстан U19 санатындағы әлем чемпионатында қазақстандық Зарина Толыбай аса ауыр салмақта алтын медаль жеңіп алды. Қызылорда облысының тумасы бұған дейін Азия чемпионатында да топ жарған болатын. Осы орайда жас боксшы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында әлем чемпионатындағы жеңісі, жаңа салмаққа бейімделуі және ересектер арасындағы алдағы жоспары туралы айтып берді.
– Зарина, U19 санатындағы әлем чемпионатындағы жеңісіңіз құтты болсын! Содан бері екі аптадай уақыт өтті. Әлем чемпионы атанғаныңызды толық сезініп үлгердіңіз бе?
– Иә, уақыт өткен сайын бұл жеңістің қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсініп келемін. Жаһандық додада топ жару – менің көптен бергі арманым. Осы жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын. Бірақ бұл мен үшін үлкен жолдың бастауы деп ойлаймын. Себебі, келесі жылдан бастап ересектер санатында жұдырықтасамын. Ересектер арасында да өзімнің мықтылығымды дәлелдеуге тиіспін.
– Әлем чемпионаты алдында топ жаратыныңызға қаншалықты сенімді болдыңыз? Финалда жасөспірімдер және жастар арасында Еуропа чемпионы Самира Итониеваға (Ресей) қарсы қандай дайындықпен шықтыңыз?
– Әлем біріншілігіне үлкен дайындықпен бардым. Әр қарсыласымды зерттеп, бапкерлерімнің берген тапсырмасын орындауға тырыстым. Финалға шыққанда бар күшімді салдым, жалпы жеңіске жететініме сендім. Тіпті алғашқы раундта төрешілер басым ұпайды қарсыласыма берсе де, жеңістен үмітімді үзбей, қарқынымды арттыра бердім. Рингте өзімді еркін ұстап, тактикалық жоспарды орындауға тырыстым. Ең бастысы, Қазақстанның намысын қорғап, алтын жүлде алу керек болды.
– 75 келіден аса ауыр салмаққа ауысқаныңызға көп болмаса да, өз жас санатыңыздағы ең маңызды атақтарды иеленіп үлгердіңіз. Алдағы уақытта да осы салмақта өнер көрсетуді жоспарлайсыз ба?
– Көктемде Таиландта өткен жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама үлестірілген Futures Cup турнирінде 75 келіде қола жүлде жеңіп алған едім. Содан кейін бапкерлер маған аса ауыр салмаққа ауысуды ұсынды. Нәтижесінде шілде айында Индонезия астанасы Жакартада U19 санатында Азия чемпионы атандым. Ал тамыз айында Польшаның Гливице қаласында ұйымдастырылған «Silesian Open» халықаралық турнирінде алтын жүлде алдым. Енді Будвадағы жаһандық додада Әнұранымызды шырқату бақыты бұйырды.
Иә, әзірге осы салмақта өнер көрсетуді жоспарлап отырмын. Бұл салмаққа ауысқаныма көп болмаса да, жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Алдағы уақытта да осы бағытта еңбектеніп, жаңа белестерді бағындырғым келеді.
– Аса ауыр салмаққа ауысқаннан кейін, бокс жүргізу мәнеріңізде не өзгерді? Жаңа салмаққа бейімделудің ең қиын тұсы қандай болды?
- Жаңа салмаққа ауысқаннан кейін, күш пен төзімділікке көбірек көңіл бөле бастадым. Бокс жүргізу мәнерімде де белгілі бір өзгерістер болды. Әр қарсыластың ерекшелігіне қарай тактика таңдау маңызды. Бастапқыда жаңа салмаққа бейімделу оңай болған жоқ. Бірақ бапкерлерімнің көмегімен біртіндеп үйрендім. Әлі де жетілдіретін тұстарым көп.
– Сіз Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасысыз. Оның үстіне Қызылорда облысының бокс тарихында жастар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атандыңыз. Әлем чемпионатынан кейін туған ауылыңызда қалай қарсы алды? Қазір сізді барлығы танып жататын шығар?
– Туған жерімде мені өте жақсы қарсы алды. Жақындарым, туған-туыстарым, ауылдастарым жеңісіме қуанып, құттықтап жатты. Олардың қолдауы маған ерекше күш береді.
– U19 әлем чемпионатына сізбен бірге қатысқан Алина Құдайгенова (57 келі) мен Айдана Убайдуллақызы (80 келі) ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жүлдеге ие болды. Өзіңіз ел чемпионатындағы аса ауыр салмақтың нәтижелерін бақыладыңыз ба? Осы салмақтағы бәсекеге қандай баға бересіз?
– Әрине, жарыстың нәтижелерін қарап отырдым. Аса ауыр салмақта да бәсеке жоғары деп ойлаймын. Қазақстан чемпионы атанған Елдана Талипова 2025 жылы Ливерпульдегі жаһандық доданың жеңімпазы болды. Ақтық сынға шыққан Дина Исламбекова көктемде ғана Моңғолияда Азия чемпионы атанды. Қола жүлдегер Валерия Аксенова өткен жылы осы салмақтың чемпионы әрі Бразилиядағы әлем кубогының қола жүлдегері болды. Әсел Тоқтасын да жастар санатынан былтыр ғана ауысса да, ересектер арасында біршама жетістікке жетті. Жастар арасында әлем чемпионы деген атағым болса да, ересектер арасында өзімді қайтадан дәлелдеуге тура келеді.
– Ересектер құрамасына өтуге өзіңізді қаншалықты дайын сезінесіз? Тәжірибелі қарсыластармен тең дәрежеде жұдырықтасу үшін, қай қырыңызды жетілдіру керек деп ойлайсыз?
– Өзімді ересектер құрамасында өнер көрсетуге дайын деп есептеймін. Әрине, ол жақта тәжірибелі әрі мықты боксшылар көп. Сондықтан әлі де көп еңбектенуім керек. Әсіресе тактикалық шеберлігімді, жылдамдығымды және физикалық дайындығымды жетілдіруге басымдық беремін. Алдағы мақсатым – ересектер арасында да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, еліміздің намысын халықаралық аренада қорғау.

– Қоғамда бокс ұлдарға арналған спорт деген түсінік әлі де кездеседі. Өзіңіз боксқа қалай келдіңіз? Таңдауыңызды жақындарыңыз қалай қабылдады?
– Боксқа келуіме спортқа деген қызығушылығым мен бапкерімнің ұсынысы себеп болды. Алғашында бұл спортты жай ғана байқап көргім келді. Кейін өзіме қатты ұнап, өмірімнің бір бөлігіне айналды. Жақындарым бастапқыда алаңдағанымен, менің таңдауымды қолдады. Қазір олардың қолдауы мен үшін өте маңызды. Менің ойымша, спорттың қыз бен ұлға бөлінетін түрі жоқ. Ең бастысы – адамның қалауы мен талпынысы.
– Бокстың өміріңіздегі басты жол екенін қай сәтте түсіндіңіз? Осы уақытқа дейінгі спорттық мансабыңыздағы ең әсерлі сәт қандай болды?
– Боксқа деген қызығушылығым артып, алғашқы жетістіктігіме қол жеткізе бастаған кезде бұл спорттың мен үшін ерекше екенін түсіндім. Әр жеңісім алдыма жаңа мақсаттар қоюыма түрткі болды. Ал спорттағы мансабымда ең әсерлі сәт – U19 әлем чемпионатында Қазақстанның Әнұранын шырқатып, әлем чемпионы атанған кезім. Бұл сәтті ешқашан ұмытпаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет!