Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында бокстан жартылай финалға шыққан спортшылардың есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Бұл кезеңде ел намысын үш спортшы қорғайды.
«Ширек финалдық жекпе-жектердің қорытындысы бойынша Ақнұр Тұрсынғали, Марал Төлепберген және Бибарыс Әшірбай жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Үшеуі де кем дегенде Олимпиаданың қола медалін қамтамасыз етті», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ боксшыларымыздың қарсыластары да белгілі болды. Ақнұр Тұрсынғали 57 келіге дейінгі салмақта Украина өкілі Евангелина Петрукпен қолғап түйістіреді. Марал Төлепберген 54 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалында өзбекстандық Сабрина Чакомановамен кездеседі. Ерлер арасында Бибарыс Әшірбай 70 келіге дейінгі салмақта мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерреспен жұдырықтасады.
Айта кетейік, жартылай финал бүгін өтеді. Күндізгі сессия Астана уақытымен 17:00-де басталса, кешкі сессия 22:00-ге жоспарланған.
Ясмина Тоқсанбаева Жапониядағы жарыстары туралы айтып берді.