Header Banner

Астанада оқушылар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселесі талқыланды

Бүгін, 16:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада оқушылар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселесі талқыланды
Фото: instagram.com/police__astana

Астанада кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелеріне арналған форум өтті. Іс-шараға елорда мектептерінің психологтары, тәрбие жұмысы мамандары қатысты. Форумды Астана қаласы Полиция департаменті қалалық Білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Форум барысында қатысушылар бүгінгі ахуалды талқылап, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың арасында тіркелген есірткі құқық бұзушылықтардың нақты деректерін қарастырды. Сондай-ақ жасөспірімдердің заңға қайшы әрекеттерге әкелетін себептер мен жағдайларға талдау жасалды.

«Форум ашық кәсіби диалог форматында өтті. Білім беру ұйымдарының өкілдері пікір алмасып, профилактикалық жұмысты күшейту, ата-аналармен тұрақты кері байланыс орнату және полиция органдарымен өзара іс-қимылды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды», - делінген хабарламада.

Кездесу соңында бірыңғай әрі жүйелі тәсілді қалыптастыру туралы сөз болды. Яғни, профилактикалық жұмыс тек дәрістермен немесе бір реттік іс-шаралармен шектелмей, мектеп, отбасы және құқық қорғау органдарының тұрақты, бірлескен жұмысына айналуы қажеттігі атап өтілді.

Еске салсақ, Ішкі істер органдарының Ардагерлер күніне орай «Заң мен тәртіп: аға буын өнегесі – жас буынға бағдар» атты конференция өтті.