Астанада 2026 жылдың басынан бері заңсыз қоқыс орындарынан 232 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. Елорда аудандарында аумақтарды тексеру, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және тазарту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала аумағындағы заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін ғарыштық мониторинг те қолданылады. Ал абаттандыру қағидаларын бұзған азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Нұра» ауданында 64 учаске тазартылып, 96 мың тоннадан астам қалдық шығарылды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша абаттандыру қағидаларын бұзған 66 жеке және 153 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Сарыарқа» ауданында 19 заңсыз қоқыс орны анықталып, толық жойылды. Аталған аумақтардан 16 мың тоннадан астам қалдық шығарылған.
«Байқоңыр» ауданында 38 учаске тазартылып, 40 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Олардың қатарында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы анықтаған сегіз орынның барлығы бар. Тазарту жұмыстары Үшқоңыр, Жұбанов, Пушкин, Өндіріс, Циолковский, Тайбурыл және Мұнайшылар көшелерінде, сондай-ақ «Алай» базары мен Алаш даңғылы маңында жүргізілді.

«Есіл» ауданында ғарыштық мониторинг нәтижесінде төрт учаскеден заңсыз қоқыс төгілген 19 орын анықталды. Оның барлығы тазартылды. Жыл басынан бері аудан аумағынан 45 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Қоқыс қайта төгілетін учаскелерге арнайы қоршаулар орнатылып жатыр.
«Сарайшық» ауданында ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 25 заңсыз қоқыс орны толық жойылды. Аудан аумағынан жыл басынан бері 35 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.

Қазіргі уақытта аудан әкімдіктері аумақтарды тексеруді және тазартылған учаскелердің жай-күйін бақылауды жалғастырып жатыр.
Қала тұрғындары мен кәсіпкерлерге абаттандыру қағидаларын сақтап, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын тек арнайы белгіленген орындарға тастау керектігі ескертілді.

Бұдан бұрын астаналықтардың TazaQazBot чат-ботына 2 200-ден астам өтінім жолдағаны хабарланған еді.