Header Banner

Қазақстанда биыл 2,3 мың шақырымнан астам канал тазартылды

Қазақстанда биыл 2,3 мың шақырымнан астам канал тазартылды
Фото: ҚР ОКҚ

Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері 2342 шақырым канал механикалық тәсілмен тазартылды. Ал келесі жылы 3800 шақырым каналда осындай жұмыстарды жүргізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«2025 жылы 1840 шақырым канал тазартылды. Ал 2026 жылдың басынан бері 2342 шақырым канал тазартылған. Қалған жұмыс көлемін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. 2027 жылы 3800 шақырым каналда механикалық тазарту жұмысын жүргізу көзделген», – деді вице-министр.

Сонымен қатар биыл 82 коммуналдық және 36 республикалық нысанда көпфакторлы зерттеп-қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе, ал 2025 жылғы көрсеткіштен 3 есе көп.

Жалпы, 2030 жылға дейін еліміздегі 557 нысанға көпфакторлы зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Бұған дейін Астанада кәріз иісін азайту үшін қандай жұмыстар жүргізілетінін жазған едік.