Header Banner

Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун: Әлем чемпионатының нәтижесін қанағаттанарлық деп бағалаймын

Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун: Әлем чемпионатының нәтижесін қанағаттанарлық деп бағалаймын
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Нысана көздеуден ұлттық құраманың бас бапкері Ольга Довгун 3-11 қараша аралығында Қатар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатын қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Ұлттық құраманың Дохадағы әлем чемпионатында көрсеткен нәтижесін қанағаттанарлық деп бағалаймын. Спортшыларымыз бірқатар лайықты нәтиже көрсетті.

Жарыстың алғашқы күні Ирина Юнусметова кіші калибрлі тапаншамен оқ атудан үшінші орынға ие болды. Александра Лидің де нәтижесін атап өткім келеді. Ол финалға шығып, соңына дейін күресті. Өкінішке қарай, финалда сәл сәттілік жетіспей, жетінші орын алды. Олимпиада жолдамасын иелене алмады. Дегенмен оның әлеуеті өте жоғары. Алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз.

Жарыстың соңғы күні де Ислам Сәтбаевтың финалға шығуға мүмкіндігі болды. Ол 55-ші оқты атқанға дейін финалға өтетіндердің қатарында келе жатты. Алайда сол сәтте ауа райы қолайсыз болып, жел күшейді. Соның салдарынан ол бейімделіп үлгермеді», - деді бас бапкер Ольга Довгун.

Айта кетейік, жаһандық додада Қазақстан құрамасының өкілі Ирина Юнусметова жекелей сындағы әйелдер арасында кіші калибрлі тапаншамен 50 метрден оқ атуда үздік үштіктің қатарына енді.