Header Banner

Дербес деректерді ұрлайды: Бас прокуратура интернет алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті

Дербес деректерді ұрлайды: Бас прокуратура интернет алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті
Фото: freepik.com

Бас прокуратура азаматтарға қазақстандықтардың дербес деректерін ұрлауға бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Прокуратураның мәліметінше, қаскүнемдер өзін «Қазпошта» қызметінің өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарға пошта жөнелтілімін жеткізу туралы жалған хабарлама таратуда. 9 қарашадан бастап +212 6 12 82 15 27 шетелдік нөмірден алушыларға сәлемдеменің алдағы жеткізілуі туралы хабарлама тіркелуде.

Сондай-ақ хабарлама басқа нөмірден де келуі мүмкін.

Жеткізу мекенжайын нақтылау қажеттілігін сылтауратып, азаматтарға қоса берілген сілтеме арқылы өту және жетіспейтін мәліметті өз бетінше толтыру ұсынылады. Хабарламаға шынайылық сипатын беру үшін сілтеме арқылы өту тәртібі көрсетілген нұсқаулық қосымша жіберіледі.

Алайда, сілтеме пошта қызметінің сервисіне ұқсатып жасалған жалған интернет ресурсқа апарады. Іс жүзінде ол фишинг «тұзақ», соның көмегімен алаяқтар дербес деректерді, соның ішінде тұрғылықты мекенжай мен өзге де құпия ақпаратты жинайды.

Бұл ретте сәлемдемені жеткізу туралы хабарламаға ұқсатып жасалған фишингтік интернет ресурс пайдаланылды, бұл пошта қызметінің ресми хабарламасы сияқты көрініс туғызып, пайдаланушыларды жаңылыстырды.

«Алаяқтық хабарлама мемлекеттік тілде жіберілуі ерекше қауіп төндіреді, өйткені оны пайдалану сенім тудырады және алушының қырағылығын төмендетеді. Хабарламалар ресми іскерлік стильді, пошта қызметінің хабарламасына тән тұжырымдар мен атрибутты қолдана отырып ресімделеді. Нәтижесінде алушыларда хабарламаның түпнұсқалығы туралы жалған әсер қалыптасады, бұл зиянды сілтемелерге өту, дербес деректер мен ақшалай қаражатты қаскүнемдерге беру қаупін арттырады», делінген хабарламада.

Бас прокуратура азаматтарды цифрлық сақтық танытуға шақырады. Күмәнді сілтемеге өтпеуге, белгісіз ресурстарға дербес және банктік деректерін енгізбеуге, ал пошта жөнелтілімін жеткізу туралы ақпаратты тек пошта қызметінің ресми арналары арқылы тексеруді ұсынады.