Бас көлік прокуратурасының қабылдаған шаралары нәтижесінде мұнай тасымалдау саласында анықталған салық заңнамасын бұзушылықтар бойынша бюджетке 3,3 млрд теңгеден астам қаржы түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, «Кеңқияқ – Құмкөл» және «Атасу – Алашанкоу» магистральдық мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдау саласындағы заңдылыққа жүргізілген талдау барысында салық заңнамасының бұзылғаны анықталған.
Атап айтқанда, технологиялық ерекшеліктер мен өлшеу қателіктері салдарынан тасымалдау кезінде пайда болған артық мұнай көлемі бухгалтерлік есепте толық көрсетілмеген. Соның нәтижесінде активтердің құны төмендетіліп, салық міндеттемелері тиісті деңгейде орындалмаған.
Бас көлік прокуратурасының ұсынуы бойынша Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, анықталған заңбұзушылықтарды жою шараларын қабылдады.
Түгендеу нәтижесінде 92 мың тоннадан астам мұнай бухгалтерлік есепке алынды. Сондай-ақ салық есептілігіне түзетулер енгізіліп, 2,9 млрд теңге корпоративтік табыс салығы есептелді.
Бұдан бөлек, мүлік салығы бойынша өсімпұлды қоса алғанда, бюджетке 300 млн теңгеден астам қаржы түсті.
Бас прокуратураның мәліметінше, магистральдық құбыр көлігі саласында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін мұнай-газ саласында қазақстандық өндірушілердің үлесін арттыру мәселесі талқыланғаны хабарланған еді.