Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сәйкес, Маңғыстау облысының кәсіпкері жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алуға, кейіннен оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп, жалған сапа паспортын ресімдеуге шарттар жасасқан.
Одан әрі өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкермен шетелге шығарылған.
2019–2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен - 45 млрд теңге.
Қылмыстық іс фигуранттарының активтері, сондай-ақ шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Заңсыз табыс пен төленбеген салық бойынша 2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді.
Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысы, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды.
Еске салсақ, елордада полиция есірткі дүкенін ұйымдастырған бес адамды ұстады, олар кондитер өніміне гашиш шайырын жасырған.