ҚМА үш өңірде онлайн-казиноларға қатысты қаржы схемаларын анықтады

ҚМА үш өңірде онлайн-казиноларға қатысты қаржы схемаларын анықтады
Фото: pexels.com

Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн-казиноларға төлем қызметін көрсеткен күдікті қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойды. Тергеу деректеріне сәйкес, олар Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланып, бірнеше өңірде заңсыз қаржы желілерін ұйымдастырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, күдіктілер Қазақстанға келген шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлерін рәсімдеп, олардың атына SIM-карталар мен банк шоттарын ашқан. Кейін мобильді банк қосымшаларына кіруге мүмкіндік беретін телефондар ақша айналымын басқаратын адамдарға берілген.

Қаржы операцияларын жүргізу үшін ойыншылардан төлем қабылдауға, оларды автоматты түрде сәйкестендіруге және ұтыстарды төлеуге арналған P2P платформасы пайдаланылған. Қылмыстық топ мүшелері өзара есеп айырысуда криптовалютаны да қолданған.

Түркістан облысы мен Алматы қаласында жүргізілген тергеу барысында Қазақстан банктерінің 89 картасы пайдаланылғаны анықталды. Өзбекстанның үш азаматы ұсталып, олардан банк шоттарын басқаруға арналған 20 телефон тәркіленді.

Аталған банк карталары арқылы жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 500 млн теңгеге жеткен.

Ал Жамбыл облысында бірнеше елдің аумағында әрекет еткен тағы бір күдікті қылмыстық топтың жолы кесілді. Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ мүшелері Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды тартып, Тараз бен Алматы қалаларында өзге адамдардың банк шоттары арқылы ақша айналымын ұйымдастырған.

Тінту кезінде 180 банк картасы, 15 телефон, 26 SIM-карта, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт автокөлік, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді.

ҚМА дерегінше, осы банк карталарына түскен қаражаттың жалпы көлемі 9,8 млрд теңгеден асқан.

Сот бес күдіктіні қамауға алуға санкция берді.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚМА Перизат Қайраттың туыстарына қатысты ақпаратқа түсініктеме берген еді.