Елордада 28–29 қараша күндері Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай бирман боксы бойынша ел чемпионаты өтіп жатыр. Республикалық жарысқа еліміздің 15 өңірінен 300-ге жуық спортшы келген, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Аталған чемпионат 12 жастан бастап ересектерге дейінгі спортшыларды қамтиды. Жарыс әуесқойлар арасында ұйымдастырылған. Оның қорытындысы бойынша қатысушыларға спорт шебері және спорт шеберіне үміткер атақтары беріледі.
Бұл спорт түрінің ерекшелігі жекпе-жек барысында соққы беру және лақтыру әдістерін қолдануға рұқсат етіледі. Ал партерде күресуге жол берілмейді.
«Бұл Қазақстанда шамамен бес жылдан бері дамып келе жатқан жас спорт түрі. Чемпионатқа әртүрлі деңгейдегі спортшылар жиналды. Олардың арасында тәжірибелі жекпе-жек шеберлері де, енді ғана бастап жүрген қатысушылар да бар», – деді Қазақстан Бирман боксы федерациясының Астана қаласы бойынша атқарушы директоры Юрий Белянин.
Юрий Беляниннің айтуынша, жарыста спортшылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Қатысушылар арнайы қорғаныс жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
«Біз бирман боксын жарақат алу қаупі барынша төмендетілген спорт түрінің бірі деп санаймыз. Спортшылар торлы шлем, аяқ-қолды қорғайтын қалың жапсырмалар мен арнайы протектор киеді. Біздің мақсатымыз – салауатты ұлт қалыптастыру, спортшылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау», – деді Юрий Белянин.
Айта кетейік, Астана қаласының құрамасы да чемпионатқа көп спортшысын қосқан. Қатысушылар іріктеу кезеңінен өтіп, ел біріншілігінде бақ сынап жатыр. Қала командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуды мақсат етіп отыр.
Еске салсақ, Алан Құрманғалиев Ыстанбұлда өтіп жатқан үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.








