Алан Құрманғалиев Ыстанбұлда өтіп жатқан үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшы ерлердің жұптық сынында ирандық Беньямин Фараджимен бірге өнер көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан Республикасының үстел теннис федерациясына сілтеме жасап.
Құрманғалиев пен Фараджи жүлдеге дейін бес партияға созылған екі кездесуде жеңіске жетті. 1/8 финалда олар польшалық Самуэль Михна мен Патрик Живоронекке 0:2 есебімен есе жіберіп тұрғанымен, қатарынан үш партияны ұтып, кездесуді 3:2 есебімен аяқтады.
Ширек финалда Қазақстан мен Иран жұбы үндістандық Абхинандх Прадхивади мен Приянудж Бхаттачарьяны 3:2 есебімен жеңді. Құрманғалиев пен Фараджи партиялар бойынша 1:2 есебімен ұтылып жатып, төртінші партияны 18:16, шешуші бесінші партияны 11:9 есебімен өз пайдасына шешті.
Жартылай финалға шығу қос спортшыға кемінде қола жүлдені қамтамасыз етті. Финал жолдамасы үшін өткен кездесуде олар Корея Республикасының өкілдері Ким Дэхван мен Ли Хенхо жұбына 0:3 есебімен жол берді.
Ыстанбұлдағы қола – Құрманғалиевтің жастар арасындағы әлем чемпионаттарында жеңіп алған үшінші медалі. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваның шәкірті 2022 жылы Тунисте U15 санатында мысырлық Хана Годамен бірге аралас жұптық сында алтын, жекелей сында қола жүлде иеленген.
Әлем чемпионаты 21–28 қараша аралығында «Ata Sporları Merkezi» спорт кешенінде өтеді. Турнирге 50 елдің спортшылары қатысып, U19 және U15 санаттарында 14 медаль жиынтығын сарапқа салады.