Мемлекет басшысының «Жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау» ұстанымы да, «Біздің басты мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру» деген сөзі де әуелі қоғамды өзгертеміз, қауіпсіз қоғам қалыптастырамыз десек, өзгеруді өзімізден бастауымыз керегін ұғындырған дүние. Қайырымды адам қасиетті ұстанымынан айнымаған кезде ғана қауіпсіз қоғам болады. Ақын, «Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері Хамит Есаман осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Egemen Qazaqstan газетіне сілтеме жасап.
«Қоғам бүгінде жаңа арнаға бұрылды. Даму өзгеше сипат алды. Алда әлі де талай міндет тұр. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Маңызды құжатта Президент еліміздегі тарихи өзгерістер туралы айтып, жаһандық сын-қатерлерге тоқталып, талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажеттігін жеткізді. «Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды», деген Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылым, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, мәдениет, экономика, өнеркәсіп салаларына да айрықша тоқталды. Салық саясаты, жасанды интеллект, шағын және орта бизнес, қысқасы, елдің дамуына қажетті барлық сала төңірегінде ой айтып, тіпті, кейбір мәселелерді ашып көрсетті. Елімізде денсаулық сақтау нысандары, мәдениет үйлері, шығармашылық орталықтарының салынатыны да жақсы жаңалық. Президент айтқан ойдың барлығы да қауіпсіз әрі дамыған қоғам қалыптастыру жолындағы елеулі еңбек. «Халықтық құрылыс» бастамасының да ауқымы кең. Бұл – қалаларда түрлі нысанның құрылысын жүргізіп қана қоймай, идеологиялық бағытты да насихаттайтын шешім. Бүгінде ой-санамызға да жаңашылдық керек екенін, ол жерде де жаңа «құрылыстар» басталуы қажеттігін айтқан ой», - деді Хамит Есаман.
Ақыннның пайымдауынша, қауіпсіз қоғам деген түсініктің де аясы кең. Адамға қауіпсіз орта керек екені рас, бірақ сананың, ұстанымның өзгеруі бәрінен де маңызды. Сана жаңғырмайынша, ой өзгермейінше, болып жатқан материалдық игіліктің бәрі де адамдар үшін жансыз дүниелер есебінде ғана болады.
Мемлекет басшысы: «Дәл осындай жауапты кезеңдерде ұлттың мінезі айқын көрінеді», деп айтты. Ұлттың мінезі деген де – ірілік қой. Шалкиіз жыраудың «Ғазизленген сұлтан жаным аяман» деген, Доспамбеттің «Басымнан сөзді асырман» деген, Абайдың «Бес нәрседен қашық болу, бес нәрсеге асық болу» қағидасы – сол ұлттың мінезі. Президент ұлттың мінезін ұсақтап алмай, елдің бірлігі мен қоғамның тұғырын барынша нығайта түсу керектігін де айтты.
«Президент бұл орайда: «Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», дей келіп, «Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек» деген жоқ па? Озық, жаңарған мемлекет, дамыған қоғам деген тек қана қала салу, құрылыс жүргізу емес. Сол игіліктерді пайдаланатын адамдардың өркениетке сай іс-әрекеті мен ұстанымы ғана қауіпсіз қоғам, қайырымды адам, қасиетті ұстанымды қалыптастырады. Бұдан ұлы Абайдың «Толық адам» іліміне сай «Асыл адам айнымас» жауапкершілігі шығады», - деді ол.