Академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының мамандары елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздікке алдын ала қамданып, көшеде жарақат алудың алдын алу шараларын сақтауға шақырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметінет сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, ауа температурасының күрт төмендеуі, жолдар мен тротуардың мұздануы құлау, буынның шығуы, сіңірдің созылуы және сүйектің сынуы сияқты жарақаттар қаупін арттырады.
Жарақаттанудың алдын алу үшін медицина мамандары маусымға сай, табаны таймайтын әрі орнықты аяқ киім киюді, көшеде жүргенде абай болуды, асықпай қозғалып, қатты көктайғақ кезінде мүмкіндігінше далаға шығуды шектеуді ұсынады.
Балалардың, қарт адамдардың және қозғалысы шектеулі азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет.
«Травматологтар адам тепе-теңдікті сақтай алмай құлап бара жатқанда денені барынша жинақтап, қолды көп созбауға кеңес береді. Құлағаннан кейін қатты ауырсыну пайда болса немесе сүйек сынғанына күдік туындаса, қозғалысты шектеп, медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауыр жарақат алған жағдайда 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырған жөн», делінген ескертуде.
Денсаулық сақтау министрлігі жарақаттанудың қаупін азайтып, денсаулыққа ауыр зардаптардың алдын алу үшін профилактикалық шараларды уақтылы қабылдап, қауіпсіздік ережесін сақтаудың маңызды екенін еске салады.
Еске сала кетсек, Астанада жыл сайын 400 мыңға жуық адам АИТВ-ға тексеріледі.