Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желіде жариялаған видеосына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қазір полиция қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізуде. Кәмелетке толмағандардың аты-жөні анықталып, олар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілді.
«Кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке қойылды. Олардың ата-аналары бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Білім басқармасы мен Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның атына құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсынулар енгізілді», делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға беріледі. Бейнежазбаны әлеуметтік желілерде тарату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция порнографиялық материалдарды және өзге де құқыққа қайшы контентті таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.