Үкімет отырысы барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи циклдегі өзекті міндеттері» Жолдауын іске асыру бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы Жолдауында орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету, инвестициялық ахуалды жақсарту және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударған.
Премьер-министр:
Инфляцияны тежеу және одан әрі төмендету бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұған мүмкіндік жеткілікті. Ол үшін барлық мемлекеттік органдардың жан-жақты ойластырылған іс-қимылын қамтамасыз ету керек.
20 қарашаға дейін инфляцияны төмендету және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіру жұмыстарын күшейту шараларын әзірлеу қажет;
Әкімдіктер азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігіне апта сайын мониторинг жүргізіп, Сауда министрлігіне тиісті ақпарат беріп тұрсын. Сауда министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленетін шекті сауда үстемелерінің сақталуын бақылауды күшейтсін, сондай-ақ бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдасын.
Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері екі апта мерзімде қысқы кезеңге арналған азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастырсын. Сондай-ақ тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандырып, азық-түлік тауарларын тікелей жеткізу көлемін кеңейтсін.