Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Президент Жолдауындағы тапсырма бойынша медицина қызметкерлерінің үздіксіз еңбек өтілі мен психоэмоционалдық жүктемесіне орай қосымша ақы енгізілетіні туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде кадрлық әлеуетті нығайту және медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесіндегі жұмыстың тартымдылығын арттыру мақсатында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарына сараланған қосымша ақы белгілеу ұсынылады. Емхана жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысы үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып 40%-ға дейін ұлғаяды», - деп атап өтті министр.
Өңірлерде аудандық ауруханалар, жедел жәрдем стансалары мен қан орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарлануда. Оның ішінде 8 перинаталдық орталық, 7 көпбейінді балалар ауруханасы, Балалар шұғыл көмек көрсету орталығы және Балалар хирургиясы орталығы бар. Сондай-ақ Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының 5 жаңа үлгілік өңіраралық филиалын және 25 амбулаториялық-емханалық нысанды салу жоспарланған.
«Жобаларды жүзеге асыру 1,8 млн шаршы метр медициналық инфрақұрылымды құруға және жаңартуға, стационарлардағы төсек санын 9,2 мыңға ұлғайтуға және жаңғыртуға, сондай-ақ амбулаториялық көмек қуатын ауысымына 5 мыңнан астам келушіге көбейтуге мүмкіндік береді», - деді Ақмарал Әлназарова.
Еске салайық, бұған дейін еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 110 мың теңгеге дейін артатыны туралы жаздық.