Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар кешенін таныстыра отырып баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 110 мың теңгеге дейін артады. Халықтың нақты табысын арттыруды экономиканың орнықты әрі сапалы өсуі және инфляцияның төмендеуі есебінен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ол үшін баға белгілеуді тарифтік саясат аясында кешенді түрде қадағалау шаралар күшейтіледі.
Кәсіпкерлікті қолдау саласында ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту және әкімшілік қысымды төмендету тетіктерін қамтитын Орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеу жоспарлануда.
«Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады. Бұдан басқа, бизнесті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына тарту тәсілдері жетілдіріледі», - деп атап өтті вице-министр.
Салық саясаты шеңберінде бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстары негізінде Салық кодексіне ішінара өзгерістер пакеті қалыптастырылды. Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырылады.
«Жолдау аясында Мемлекет басшысы инфрақұрылымның «ауқымды құрылысы» бағытын белгіледі. Ол үшін Инфрақұрылымдық даму қоры құрылды», -— деп атап өтті Азамат Әмрин.
Еске салсақ, Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Үкімет отырысы өтіп жатыр.