Елімізде 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық құрылыс реконструкцияланды - министр

Елімізде 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық құрылыс реконструкцияланды - министр
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда 1 трлн теңге инвестиция тартылды және 4,6 мың шақырым ирригациялық желілерді жаңғырту жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында су саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы бағыттағы маңызды нәтиженің бірі жаңа Су кодексінің қабылдануы. Бұл туралы Үкімет отырысында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауқымын тартылған инвестициялар көлемінен де көруге болады. 2023 жылғы қыркүйектен бері су саласының негізгі капиталына шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылды. Осы кезеңде 1,4 мың шақырымнан астам канал, 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық құрылыс реконструкцияланды», - деді Нұржан Нұржігітов.

Министрдің мәліметінше қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам ирригациялық желі жаңғыртылып жатыр. Биыл оның 964 шақырымын аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде 200 мың гектарға жуық суармалы жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.

«Заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленді», - деді министр.

Еске сала кетсек, елімізде құрылыс материалын өндірудің жаңа ережелері пайда болады.