Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында қойған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет пен әкімдіктер қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы керек екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Президент Жолдауы біздің алдымызға тарихи мәні зор міндет қойып отыр. Ол – өскелең ұрпақтың игілігі үшін қуатты әрі озық экономикасы бар жаңа тұрпатты мемлекет құрып, аманат ету. Ол үшін Мемлекет басшысының барлық ауқымды реформалары мен стратегиялық бастамаларын табысты жүзеге асыруымыз қажет. Үкімет пен әкімдіктер әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды салу мен жаңғырту үшін қолда бар ресурстарды тиімді жұмылдыруы керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр халықаралық және ішкі логистиканы дамыту, көлік саласын цифрландыру, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелері әлемдік ауқымдағы өзгерістер аясында шешімін табуы тиіс екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығындағы технологиялық жаңғырту мен инновациялар болашақта азық-түлік тапшылығының алдын алуға кепіл болады.
Жолдауды жүзеге асырудағы басым міндеттердің бірі – инвестицияларды басқарудың тұтас жүйесін қалыптастыру. Бұл инвесторларды тартып, оларды жан-жақты қолдау үшін кешенді тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Шағын және орта бизнесті дамыту, бюджет және салық саясатын жетілдіру, сондай-ақ жалпы Қазақстанның цифрлық экономикасын белсенді дамыту ұзақмерзімді кезеңге арналған стратегиялық мақсат-міндеттерге қол жеткізуге ықпал етеді. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жаңа тәсілдер шын мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Президент тапсырмаларының жүйелі түрде орындалуын қамтамасыз ету үшін Үкімет қажетті шаралардың барлығын қабылдайтынын атап өтті.