Елордадағы MODEX зауыты – көлемдік-блоктық технология бойынша дайын модульдік үй жинақтарын өндіретін кәсіпорын. Elordainfo.kz тілшісі Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы баспасөз туры кезінде зауыттың жұмысымен танысып, модульдік құрылымдар қалай жасалатынын көрді.
Бұл технология түрлі нысандардың құрылысына кететін уақытты айтарлықтай қысқартып, өзіндік құнын төмендетеді. Осылайша, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырады.

Техникалық бөлім басшысы Нұрсұлтан Рысбектің айтуынша, блоктар 18 және 22 шаршы метрлік екі түрлі көлемде жасалады. Бір бөлмелі пәтерге екі блок жұмсалады.

2020 жылдан бері Астанадағы 33 тұрғын үй кешені осы кәсіпорынның материалдарынан салынған.

Кәсіпорындағы 5 цехтың жұмысы күні-түні үздіксіз жүргізіледі. Бірінші цехта арматура әртүрлі пішінде қиылады да, екінші цехта арматуралар тиісінше дәнекерленіп, блоктардың қаңқасы жасалады.


Бетон құйылмай тұрып, қаңқаның ортасына бірден кабельдер тартылады. Одан кейінгі цехта бетон құйылады. Блоктардың ішкі әрлеу жұмыстары да кәсіпорын ішінде жүргізіледі.

«Жұмысшылар бір күн күндіз, екінші күні түнгі ауысыммен жұмыс істеп, үш тәулік демаламыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған», - деді оператор Сейсенбек Әбірәсілұлы.

Кәсіпорында 500 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт директоры Валерий Зориннің айтуынша, бастапқыда кәсіби білікті мамандарды тартуда қиындықтар туындаған.

«Қазіргі таңда зауыт қабырғасында MODEX деп аталатын мамандар даярлайтын орталығымыз бар. Осы уақытқа дейін 40 маманды оқытып шығарсақ, соның 63 пайызы бүгінде кәсіпорында жұмыспен қамтылған. Жалпы, 2023 жылмен салыстырғанда зауыттың өнім өндіру көлемі екі есеге артқан. Бүгінде еліміз бойынша теңдесі жоқ кәсіпорынның бірі деуге болады. Айта кетерлігі, кәсіпорынның экологиялық жағынан қоршаған ортаға зияны салыстырмалы түрде аз. Яғни қалдық аз шығарылады», - деді Валерий Зорин.
Оның айтуынша, зауыт өнімдері әзірге тек Астана аумағында қолданылады.

Зауыт жыл сайын шамамен 200 мың шаршы метр тұрғын үй салуға жеткілікті модульдік құрылымдар шығарады.

Естеріңізге сала кетейік, жақында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елордадағы №1 Индустриялық паркі аумағындағы үш жетекші кәсіпорынға БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылған болатын.



