Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елордадағы №1 Индустриялық паркі аумағындағы үш жетекші кәсіпорынға БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Баспасөз туры барысында журналистер кәсіпорындардың толық өндірістік циклімен және заманауи жабдықтарымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тұрғын үйлерге арналған модульдік құрылымдар
БАҚ өкілдері ең алдымен MODEX зауытына ат басын тіреді. MODEX зауыты – көлемдік-блоктық технология бойынша дайын модульдік үй жинақтарын өндіретін кәсіпорын. Бұл технология түрлі нысандардың құрылысына кететін уақытты айтарлықтай қысқартып, өзіндік құнын төмендетеді. Осылайша тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырады.
Зауыт жыл сайын шамамен 200 мың шаршы метр тұрғын үй салуға жеткілікті модульдік құрылымдар шығарады.

2020 жылдан бері Астанадағы 33 тұрғын үй кешені осы кәсіпорынның материалдарынан салынған.
Зауыттың қауіпсіздік жөніндегі аға инженері Индира Тохмолдина журналистер тобын кәсіпорындағы цехтардың жұмысымен таныстырды. Мұндағы 5 цехтың жұмысы күні-түні үздіксіз жүргізіледі. Бірінші цехта арматура әртүрлі пішінде қиылады да, екінші цехта арматуралар тиісінше дәнекерленіп, блоктардың қаңқасы жасалады.

Бетон құйылмай тұрып, қаңқаның ортасына бірден кабельдер тартылады. Одан кейінгі цехта бетон құйылады. Блоктардың ішкі әрлеу жұмыстары да кәсіпорын ішінде жүргізіледі.

Техникалық бөлім басшысы Нұрсұлтан Рысбектің айтуынша, блоктар 18 және 22 шаршы метрлік екі түрлі көлемде жасалады.
«Жұмысшылар бір күн күндіз, екінші күні түнгі ауысыммен жұмыс істеп, үш тәулік демаламыз. Жұмысым өзіме ұнайды. Мұнда жұмысшыларға жақсы жағдай жасалған», - деді оператор Сейсенбек Әбірәсілұлы.

Кәсіпорында 500 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт директоры Валерий Зориннің айтуынша, бастапқыда кәсіби білікті мамандарды тартуда қиындықтар туындаған.
«Қазіргі таңда зауыт қабырғасында MODEX деп аталатын мамандар даярлайтын орталығымыз бар. Осы уақытқа дейін 40 маманды оқытып шығарсақ, соның 63 пайызы бүгінде кәсіпорында жұмыспен қамтылған. Жалпы, 2023 жылмен салыстырғанда зауыттың өнім өндіру көлемі екі есеге артқан. Бүгінде еліміз бойынша теңдесі жоқ кәсіпорынның бірі деуге болады. Айта кетерлігі, кәсіпорынның экологиялық жағынан қоршаған ортаға зияны салыстырмалы түрде аз. Яғни қалдық аз шығарылады», - деді Валерий Зорин.

Оның айтуынша, зауыт өнімдері әзірге тек Астана аумағында қолданылады.
Сэндвич-панельдер өндірісі
Бұл жерден кейін БАҚ өкілдері KazPan зауытына барды. KazPan зауыты – өнеркәсіптік, логистикалық, әкімшілік, спорттық және басқа нысандардың құрылысында кең қолданылатын сэндвич-панельдер өндіреді.

Кәсіпорын кореялық Kindus автоматтандырылған желісімен жабдықталған және жылына 1,8 млн шаршы метр өнім шығарады. Мұнда заманауи технологиялармен жұмыс істеу үшін Kindus инженерлерінен оқыған 100-ге жуық маман еңбек етеді.

«Біздің кәсіпорын өткен жылдың мамыр айында ашылды. Бүгінде бір ауысымдағы өнім көлемі 3500-4000 шаршы метрді құрайды. Ал ай сайынғы өнім көлемі шамамен 80-90 мың шаршы метр болады. Өнім өндіруде негізінен отандық шикізат материалдарын пайдаланамыз. Отандық өндіріс орны ретінде әзірге Қазақстан аумағы бойынша тапсырыстарды орындап келеміз. Алдағы уақытта өнімді экспортқа шығаруға жоспарымыз бар», - деді KazPan зауытының бас инженері Дмитрий Лебедев.


Көпсалалы кәсіпорын: жиһаз, медициналық жабдық, модульдік ғимараттар...
Сонымен қатар баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері YDA компаниясының Қазақстандағы еншілес кәсіпорны - ATM Construction & Investment зауытына аялдады.
ATM Construction & Investment зауыты – медицина, құрылыс және девелопмент, авиация және энергетика, тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсететін көпсалалы кәсіпорын.

Өндірістік кешен құрамындағы бес кәсіпорында медициналық және кеңсе жиһазы, медициналық жабдық, модульдік ғимараттар, металл құрылымдары, терезе және витраж өнімдері шығарылады. Алдағы уақытта осы зауытта дрондарды жасап шығару цехы да іске қосылатынын айтады мамандар.


Зауыт директоры Мұрат Четиннің айтуынша, мұнда жасалатын ауруханаларға арналған заманауи кереуеттердің құны шетелдік өніммен салыстырғанда екі есеге арзан. Кереуеттің артықшылығы – онда медбикелерге және науқасқа арналған пульт қарастырылған. Сол арқылы кереуеттің арқасын көтеруге, жантайтуға болады. Пульттің басқа да функциялары бар.

«Бұл – Қазақстандағы бірегей өнім. Мұны әзірге ел бойынша біз ғана жасап жатырмыз. 78-80 пайыз отандық шикізат өнімі қолданылады. Тек моторы Германиядан, ал дөңгелектері Түркиядан сатып алынады», - деді Мұрат Четин.
Аталған кәсіпорында 250-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Оның 15-і Түркия азаматы болса, қалғаны - жергілікті тұрғындар. Мамандар біліктілігін арттыру бойынша Түркиядағы YDA компаниясынан өндірістік тәжірибеден өтеді.


Зауыт ішінара автоматтандырылғандықтан, кейбір цехта тек бір-бір адамнан ғана ауысыммен жұмыс істейді. Мамандардың сөзінше, мұнда жұмысшы маман иелеріне тиімді жағдай қарастырылған.
Президенттің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған болатын.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында экспорттық әлеуетті қалыптастырып, жаңа технологиялар енгізетін және жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін бірден-бір сала ретінде өңдеу өнеркәсібінің маңыздылығын атап өткен еді. Өнеркәсіпті дамыту стратегиялық бағыттардың бірі болып қала бермек. 2024 жылы елордадағы өңдеу секторының өсімі 10 пайыздан асып, 2,5 трлн теңгеге жетсе, 2025 жылы жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы есебінен 7% деңгейінде өсім күтіледі.
Елордадағы №1 Индустриялық парк – қаланың негізгі өндірістік алаңы. Мұнда жалпы құны 336 млрд теңгені құрайтын 140 жоба қарастырылған. Оның 82-сі бүгінде іске қосылған болса, 58-і - жүзеге асырылу кезеңінде. Жинақталған тәжірибе негізінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарымен №2 Индустриялық парк құру жұмыстары басталды. 500 млрд теңгеден асатын 100-ден аса жобаны іске асырып, 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.