Астанада мас күйде көлік жүргізу деректерін анықтау бойынша рейд жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Мас жүргізуші - қылмыскер!» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ «Москвич» автокөлігін тоқтатты.
Құжаттарды тексеру кезінде полицейлер жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілерін байқаған. Медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын толық растады. Сонымен қатар, ер адамның көлік басқару құқығы жоқ екені және бұл құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасағаны белгілі болды.
Оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік мамандандырылған коммуналдық тұраққа қойылды. Сот шешімімен құқық бұзушы 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Астана қаласының Полиция департаменті алкогольдік масаң күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретінін ескертеді. Тәртіп сақшылары азаматтарды ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әрбір жүргізуші өз қауіпсіздігімен қатар, өзгелердің өмірі үшін де жауапты.
Еске сала кетсек, осыған дейін ІІМ қысқы дөңгелектерді сатып алу кезінде алаяқтықтан сақ болуды ескерткенін хабарлаған едік.