Қазақстан шекарасында бір айда 3 мыңнан астам заң бұзушы ұсталды

Қазақстан шекарасында бір айда 3 мыңнан астам заң бұзушы ұсталды
Фото: Ұлттық қауіпсіздік комитеті

2026 жылдың қазан айында Қазақстанның мемлекеттік шекарасында заңнаманы бұзған 3 318 адам ұсталды. Олардың 2 791-і – шетел азаматтары, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰҚК мәліметінше, бір айда шекара арқылы жалпы құны 2,1 млрд теңгеден асатын тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 1 267 фактісіне тосқауыл қойылған.

Сонымен қатар Каспий теңізінде браконьерліктің 119 фактісінің жолы кесілді. Заңсыз балық аулауға пайдаланылған 88 шақырым құрал-жабдық пен жалпы салмағы 933 келі болатын 187 бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алдын алынған залал көлемі 413 млн теңгеден асты.

Шекара қызметі өз құзыреті шеңберінде 47 қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Бұдан бөлек, жалпы сомасы 35 млн теңгеден асатын айыппұлдар салынған 3 021 әкімшілік іс өндірісте.

Қалған құқық бұзушылықтар бойынша материалдар тиісті процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін қызыл кітапқа енген сұңқарларды контрабандалық жолмен әкетудің жолы кесілгені хабарланған еді.