Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму стратегиясында адам капиталына, білім мен ғылымға ерекше мән берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Білімге негізделген экономика құру азаматтарымыздың ұзақмерзімді конституциялық міндетіне айналды. Қазіргі және одан кейінгі үкіметтер оны тиісті деңгейде орындауға тиіс.
Бүгінде Қазақстанда 132 университет бар. Онда 800 мыңнан астам студент білім алады.
Соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлген қаржының көлемі екі есе көбейіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Сондай-ақ ұдайы артып келе жатқан сұранысты өтеу үшін елімізде 281 студент жатақханасы бой көтерді. Бұл шаруа алдағы уақытта да жалғасады.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары еліміздегі ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайып, 590 миллион долларға жетті», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашқанын атап өтті.
«Жоғары білім беру жүйесіндегі халықаралық ықпалдастықты дамыту, ғылыми байланысты тереңдету – қазіргі заман талабы.
Біз бұл мәселеге айрықша мән береміз. Қазақстанда осы саладағы халықаралық стратегиялық серіктестік туралы 40 келісім іске асырылып жатыр.
Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар.
Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды.
Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды.
Сонымен қатар қазір Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны да көбейіп жатыр.
Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.