Header Banner

Тоқаев Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру мақсаты туралы айтты

Бүгін, 13:34
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру мақсаты туралы айтты
Фото: akorda.kz

Ғылым мен білімде жаттандылыққа, формализмге жол беруге, сайып келгенде, өзіңді алдауға болмайды. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Біз кейінгі уақытта қол жеткізген бірқатар жетістігімізді мақтан тұтамыз.

Мәселен, 18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді.

Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды.

2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді. Алайда жаһандық бәсекелестік қызған кезеңде бізге арқаны кеңге салуға болмайды.

Қазақстан жоғары білімнің, ғылымның және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көздейді.

Біздің стратегиялық мақсатымыз – елімізді Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру, жаһандық білім нарығының, әсіресе, өзекті әрі сапалы білім нарығының бір бөлігі болу.

Ғылым мен білімде жаттандылыққа, формализмге жол беруге, сайып келгенде, өзіңді алдауға болмайды», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке ризашылығын білдірді.

«Қазір ауқымды ұйымдастыру жұмыстарының бірінші кезеңінен өттік деп айтуға болады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіремін.

Әлемнің жетекші оқу орындарымен жемісті серіктестік орнатып, көптеген шетелдік университеттің филиалдарын аштық. Білім беру мен ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды жаңғырту басталды.

Елімізде М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ұзақ жылдар бойы жемісті жұмыс істеп келеді.

Оқу орны Қазақстан мен Ресейдің білім-ғылым саласындағы тиімді ынтымақтастық алаңына айналды. Жақында аталған филиалдың ашылғанына 25 жыл болды.

Мерейтойлық датаға орай білім ошағына барынша қолайлы, маңызды міндеттерді орындауға бейімделген жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.

Былтыр Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы есігін айқара ашты.

Іргелі оқу орнының өкілдігі дипломатия, экономика мен цифрлық технология бағыттарында сұранысқа ие мамандар даярлауға кірісіп кетті. Астана қаласында институтқа арналған жаңа ғимарат салу қолға алынды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.