Header Banner

Тоқаев: Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық

Бүгін, 14:14
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев: Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық
Фото: akorda.kz

Қазақстан барлық елмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы баса мән береді. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Бүгінгі форум аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті Қазақстандағы өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қояды. Бұл – айтулы жетістік.

БҰҰ университетінің өкілдігін Алматыда орналастыру Қазақстанның ғылыми мүмкіндігі әлемдік дәрежеде мойындалғанына дәлел болады, сондай-ақ басқа да білім беру мекемелерімен және ғылыми ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.

Осылайша, біз университеттеріміздің әлеуетін нығайтып, қуатты академиялық ортаның қалыптасуына тың серпін береміз.

Былтырғы форумда «Мықты университеттер – келешектің кепілі» деп айтқан едім. Шын мәнінде елдің технологиялық дербестікке жетуі ең алдымен, білім-ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты.

Сондықтан біз жастарымыздың сапалы білім алып, ғылыми зерттеулермен алаңсыз айналысуына және өз идеяларын жүзеге асыруына барынша жағдай жасауымыз керек. Ұлттың зияткерлік қарымы мен қабілетін ашу тұрғысынан мұның маңызы зор.

Біз Конституциямызда айқындалған қағидаттардан айнымай, өркендеген, келешекке сеніммен көз тіккен әрі гүлденген мемлекет құруды жалғастырамыз», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық.

«Ғылым – тұтас адамзаттың игілігіне қызмет ететін теңдессіз құндылық. Сондықтан білімде шекара жоқ, болмауға да тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан барлық елмен зияткерлік байланысты ұлғайтуға ұдайы баса мән береді.

Бұл ретте еліміздің білім және ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан университет басшыларына, ғалымдарға, оқытушыларға және барша әріптестерімізге тағы да алғыс айтамын.

Алдағы уақытта да бірлесіп көптеген озық бастамаларды жүзеге асырып, өзара пайдалы байланыстарымызды жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, БҰҰ университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Тшилидзи Марвала, Times Higher Education бас директоры Джон Гилл, Гази университетінің ректоры Угур Унал, Гонконг қалалық университеті директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай, Хериот-Уотт университетінің ректоры Нола Хьюитт-Дандас, Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің ректоры Сергей Филатов сөз сөйледі.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен БҰҰ университеті арасында қол қойылған өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімді алмасу рәсімі өтті.