Бүгін Астана қаласының Полиция департаментінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, сондай-ақ республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Салтанатты іс-шарада Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев қызметкерлерге лайықты мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыстады.
Бірқатар полицейдің ерлігі, жанқиярлығы, кәсібилігі және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында Патрульдік полиция полкінің қызметкері, полиция капитаны Нұрғиса Бектасов та бар. Ол Ғазиз Байтасов атындағы медальмен марапатталды.
Салтанатты рәсім барысында елордалық полиция қызметкерлерінің спорттық жетістіктеріне де ерекше назар аударылды. Олар түрлі деңгейдегі жарыстарда ведомствоның намысын абыроймен қорғап келеді.
Атап айтқанда, Полиция департаменті бастығының көмекшісі, полиция полковнигі Мұрат Исмағамбетов Түркияда өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогында үшінші орын иеленді.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы полиция лейтенанты Арай Мусина Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының кикбоксинг чемпионатында бірінші орынға ие болды.
Ал ЖҚАЖ аға инспекторы, полиция капитаны Дархан Жексембинов Қонаев қаласында өткен практикалық атыс бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатында Semi-Auto Standard сыныбында командалық есепте бірінші орын алды.
Сонымен қатар Павлодар қаласында өткен ҚР ІІМ қоян-қолтық ұрыстан чемпионатында да елордалық полиция қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды.
Марапат иелерін құттықтаған Полиция департаментінің басшылығы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін одан әрі арттыру, қызметтік дәстүрлерді нығайту және елордалық полицияның республикалық әрі халықаралық деңгейдегі беделін көтерудің маңыздылығын атап өтті.
Еске сала кетейік, елордалық полиция жыл басынан бері есірткі жарнамасы бар 29 граффити дерегін анықтады.


