Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесті. Тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, оқу процесіне жасанды интеллектіні енгізу және педагогтерді даярлау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде Қазақстанның 33 мектебінде қытай тілі оқытылады. Сонымен қатар оқушыларға арналған тіл үйрену үйірмелері жұмыс істейді. Кездесуде тараптар қытай тілін оқыту мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту мәселесіне тоқталды.

Білім беру саласын цифрландыру бағытындағы бірлескен жобалардың нәтижелері де сөз болды. Атап айтқанда, Қазақстандағы 20 колледждің өкілдері Қытайдың Ухань қаласында жасанды интеллект бағдарламалары бойынша тағылымдамадан өткен.
Бұдан бөлек, еліміздің әр өңірінен 50 білім беру ұйымының басшысы мен педагогі жасанды интеллектіні оқу процесінде қолдану бойынша біліктілігін арттырған.

Жұлдыз Сүлейменова бірлескен білім беру бастамаларын қолдағаны үшін қытай тарапына алғыс білдірді.
Кездесу қорытындысында тараптар тәжірибе алмасуды жалғастыруға, педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіруге және білім беру саласындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілік танытты.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында Balazhan мемлекеттік цифрлық платформасын енгізіп жатқаны туралы хабарлаған едік.