Қазақстандық су мамандары АҚШ университетінде тағылымдамадан өтуі мүмкін

Қазақстандық су мамандары АҚШ университетінде тағылымдамадан өтуі мүмкін
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Аризона университеті су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжат аясында қазақстандық мамандар үшін бірлескен семинарлар, оқу курстары мен тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ еліміздің табиғи ерекшеліктеріне бейімделген гидрологиялық модельдер әзірлеу және климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелламен кездесіп, ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылаған болатын.

«Біз кадрлар даярлау және жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыру саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Мәселен, Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Ал министрлікке қарасты ұйымдар Қытай, АҚШ және Нидерланд мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.

Айта кетейік, Аризона университеті Қазақстанда М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің базасында жұмыс істейді. Екі жоғары оқу орны қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп келеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Орталық Азия елдері Шардара су қоймасына келетін су көлемінің болжамын келіскені хабарланған еді.