Header Banner

Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бірқатар тапсырма берді

Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бірқатар тапсырма берді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің тиімділігін арттыру және оны мемлекеттік сатып алуда қолдану аясын кеңейту қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Нақты қолдау тетігін, сондай-ақ тауарлардың шығу тегінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету үшін осы жылдың басынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылды. Оның көмегімен 70 мыңнан астам тауар позициясы бойынша 2 700-ге жуық өндірушінің қызметі расталды. Бұл тетік құрылыс саласында, мемлекеттік сатып алуда, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында ғана емес, жеңілдікпен қаржыландыру алу кезінде де белсенді қолданылуы тиіс еді. Сол үшін мемлекеттік сатып алу аясында тек отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесін кеңейттік», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, тоғыз айдың қорытындысы бойынша жасалған шарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмендегені баса айтылды.

Премьер-министр кәсіпорындардан өз мәртебесін растау рәсімінінің созылып жатқаны туралы шағымдар үнемі түсетінін атап өтті. Бұл сатып алу саласында және тізілім жұмысында бірқатар мәселенің бар екенін көрсетеді. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында орасан зор резерв бар. Бұл ретте қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың отандық кәсіпорындардан тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17%.

Премьер-министр жағдайды жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтіп, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне:

- мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпорындардың өтініштерін ескере отырып, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін қысқа мерзімде жетілдіріп, меншікті өндірістің бар-жоғын онлайн режимде тексеруді қамтамасыз ету үшін оның мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастыру аясын кеңейтуді;

- Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, үш ай ішінде Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімін өтінімдерді қарау мерзімдерін белгілей отырып, мемлекеттік қызмет форматына ауыстыруды тапсырды.