Header Banner

Кореялық компания Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашуды ұсынды

Бүгін, 12:07
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Кореялық компания Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашуды ұсынды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Nordic Condor Korea компаниясының бас директоры Су Сан Пильмен кездесті. Тараптар Қазақстанның туристік әлеуетін Оңтүстік Кореяда кеңінен таныту, елімізге келетін туристер санын арттыру және Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашу мүмкіндігін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында Nordic Condor Korea компаниясының басшысы Қазақстанмен туристік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді. Бұған дейін негізінен Еуропа елдеріне туристік сапарлар ұйымдастырған компания нарықты зерттеп, Қазақстанды кореялық саяхатшылар үшін жаңа туристік бағыт ретінде танытуды көздеп отыр. Осы мақсатта компания басшысы Сеулде Kazakh Tourism өкілдігін ашуды ұсынды.

Ербол Мырзабосынов Корея Республикасының Қазақстан үшін маңызды туристік нарықтардың бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ еліміз кореялық саяхатшыларға көркем табиғатын, тарихи-мәдени мұраларын, Алматы мен Астананың көрікті жерлерін, сондай-ақ тау туризмінің мүмкіндіктерін ұсына алатынын жеткізді.

«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның туристік әлеуетін кеңінен таныту, кореялық туроператорлармен байланысты нығайту және елімізге келетін туристер санын арттыру. Сондықтан Nordic Condor Korea компаниясымен ынтымақтастық орнатуға дайынбыз», – деді министр.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанға Корея Республикасының 50,9 мың азаматы келген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 50 292 адамға жеткен.

Еске салайық, бұдан бұрын The Global Chic Voyage басылымы еліміздің туристік бағыттарын таныстырғаны туралы жаздық.