Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті елордада мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Негізгі көрсеткіштер мен нәтижелер:
Бақылау шаралары: Есепті кезеңде 7 жоспарлы, 14 жоспардан тыс тексеру, 9 сыртқы байқау жүргізілді
Анықталған бұзушылықтар: Тексеру нәтижесінде 76 243 заң бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту (55 034), мерзімдердің сақталмауына (19 785) және өзгеде бұзушылықтарға (1424) қатысты болды.
Азаматтар құқығын қорғау: Департаментпен жүргізілген бақылау шараларының қорытындысы бойынша 60 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Оның ішінде, қызмет сапасына қатысты 124 шағым қаралып, негізді жүгінген 23 қызмет алушының (100%) құқығы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Telegram ботқа келіп түскен шағымдар бойынша 6 және сыртқы байқау арқылы 31 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.
Жауапкершілік: Рұқсат құжаттарын беру мерзімдерін бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты 5 әкімшілік хаттама толтырылып, 212 320 теңге көлемінде айыппұл салынды, ал 29 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Алдын алу жұмыстары: Халықтың хабардарлығын арттыру мақсатында ХҚКО мен сауда үйлерінде «Қызмет алушылар күні» шаралары, «Елге қызмет» телебағдарламасы, тікелей эфирлер мен семинарларды қоса алғанда 135 түсіндіру іс-шарасы өткізілді.
Қоғаммен байланыс: Қоғамдық мониторинг шеңберінде елорданың 22 мемлекеттік органы мен ұйымы қамтылды. Сондай- ақ, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесі бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырыстары нәтижесінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 31 ұсыным енгізілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, құқықтық реттеу мен автоматтандыру бағытында 28 бастамашылық ұсыныс әзірленді.